Нұрқанат Таразға күйеу бала болады
Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысқан екі балуанның алдағы бір аптада үйленетіні белгілі болды.
Ерлер құрамасының балуаны Нұрқанат Серікбаев 11 қазан күні шаңырақ көтеретін болса, чемпионатта күміс жүлдеге ие болған Шерзод Давлатовтың 13 қазанда тойы өтетіні белгілі болды.
Бұл туралы 66 келіде әлем біріншілігіне қатысқан Нұрқанат Серікбаев сұхбат барысында айтып берді.
«11 қазан күні үйленемін. Әлем чемпионаты деп тойдың шаруасына араласпадым. Бар ойымды жаттығу жұмыстарына арнадым. Қалыңдығым Тараз қаласының қызы. Құрамадағы әріптесім Шерзод Давлатов та үйленеді», - деді дзюдошы.
Естеріңізде болса, Нұрқанат бүгінгі белдесуде Алжир спортшысын жеңгенімен, екінші айналымда әлем чемпионы, жапониялық Такеока Такешиге жол берді.
Ал 60 келіде өнер көрсеткен Шерзод Давлатов турнир кезінде 6 белдесу өткізіп оның бесеуінде жеңіске жетті. Ол жартылай финалда Париж Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы, жапон Рюджи Нагаяманы жеңді. Ал финалда әзірбайжандық Ахмад Юсуповтан басым түсіп жатып, соңғы сәтте есе жіберіп алды.