+78 келіде күрескен Ақерке Рамазанова мен Кәмила Берліқаш алғашқы айналымда есе жіберді
Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионатында жекелей сын бойынша жарысты аяқтады.
Бүгін әйелдер арасында +78 келіде күрескен Ақерке Рамазанова мен Кәмила Берліқаш алғашқы айналымда есе жіберді.
Іріктеу бәсекесінде сынға түскен Ақерке Мысыр өкілі Сафа Солиманнан иппон ұпайымен жеңілді. Ал Кәмила бельгиялық Габриэль Бувьеге сылбыр күресі үшін ескерту алып, жарыс жолынан шығып қалды.
Бұған дейін Ұлттық құраманың жаттықтырушы-консультанты Роберт Мшвидобадзе елімізде әйелдер дзюдосында, әсіресе ауыр салмақ дәрежелерінде, бәсекелестік деңгейі төмен екенні айтқан болатын.
«Қазір бізде ішкі бәсекелестік жеткіліксіз. Әйелдер дзюдосының деңгейі әзірге төмен деуге болады. Бірақ жас қыздардың қатарға қосылып, жаттығып, бар күшін салып жүргені қуантады. Мысалы, Азия ойындарында әйелдер құрамасы жақсы нәтиже көрсетті деп есептеймін. Екі күміс және екі қола медаль жеңіп алдық. Командалық жарыста да қыздарымыз жақсы күресті», – деді жаттықтырушы-консультант.
Ұлттық құрама балуандары 11 қазан күні аралас командалық сында белдеседі.
Чемпионат басталғалы бері ҚР ұлттық құрама балуандары бір күміс жүлде иеленді. Ол 60 келіде салмақта дәрежесінде белдескен Шерзод Давлатовқа тиесілі.