«Барыс» «Авангардты» 5:1 есебімен ойсырата жеңді

Астаналық клуб қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізіп, ұпай санын 16-ға жеткізді

Barys
Barys

Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында өз алаңында Омбының «Авангардын» 5:1 есебімен жеңді. Бұл жеңіс елордалық команданың қатарынан үшінші рет басым түсуіне мүмкіндік берді.

Кездесу «Барыс Аренада» өтіп, жоғары қарқынмен басталды. Астаналық команданың жаттықтырушылар штабы «Спартакпен» өткен ойыннан кейін құрамды өзгертпей, қорғаушылар арасындағы ойыншылардың орнын ғана ауыстырды.

Бірінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан соқты. Алдымен төртінші минутта Наиль Якупов сан басымдығын пайдаланып, «Авангардты» алға шығарды. Алайда 9-минутта Всеволод Логвиннің соққысынан кейін қайтқан шайбаны Тайс Томпсон қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестірді.

Екінші кезеңнің 24-минутында Джастин Бэйли қарсылас қорғанысын бұзып өтіп, «Барысты» алға шығарды. Ал 37-минутта Логан Дэйдің соққысынан кейін Мэйсон Морелли шайбаның бағытын өзгертіп, сан басымдығы кезінде есеп айырмасын ұлғайтты.

Үшінші кезеңде алаң иелері тағы екі шайба соқты. 44-минутта Джастин Бэйли дубль авторы атанса, 57-минутта Тайс Томпсон бос қақпаға шайба енгізіп, кездесудің қорытынды есебін белгіледі. Осылайша, екі америкалық шабуылшы да матчта екі реттен көзге түсті.

«Барыстың» қақпашысы Андрей Шутов та сенімді ойын көрсетіп, қарсыластың 41 соққысына тосқауыл болды.

Бұл жеңістен кейін астаналық клубтың еншісінде 16 ұпай бар. «Барыс» Шығыс конференциясында үшінші орында келеді. Ал «Авангард» 12 ұпаймен тоғызыншы сатыда тұр.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 12 қазанда өз алаңында новосібірлік «Сібірге» қарсы өткізеді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам