Отандасымыз қола медаль үшін белдесуде Қытай өкілі Цао Лигуоны жеңді
Қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали Астанада өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз қола медаль үшін белдесуде Қытай өкілі Цао Лигуоны жеңді. Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы екінші медалін иеленді.
Бұл – Айдос Сұлтанғалидің ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіп алған төртінші жүлдесі. Ол 2018 жылы Будапештте, 2022 жылы Белградта қола медаль иеленсе, 2025 жылы Загребте әлем чемпионы атанған.
Астанадағы жарыста Сұлтанғали 1/8 финалда ресейлік Анвар Аллахъяровтан басым түсіп, ширек финалда Әзербайжан балуаны, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мурад Маммадовты жеңді. Алайда келесі кезеңде жапониялық балуанға есе жіберді.
Еске салайық, былтыр Загребте өткен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен XXI ғасырда Қазақстанға ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатының алтынын әкелген еді. Сондай-ақ ол 2021 жылғы Азия чемпионы.