Отандасымыз Үндістан өкілі Лалит Лалитпен күш сынасып, жеңіске жетті
Астана қаласында «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Грек-рим күресінен -55 кг дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын Исхар Құрбаев үздік үштікті түйіндеді. Отандасымыз қола медаль үшін белдесуде Үндістан өкілі Лалит Лалитпен күш сынасып, жеңіске жетті.
23 жастағы қос палуан биыл жазда Мажарстан астанасындағы рейтингтік турнирдің қола медалі үшін күресіп, ол кезде Құрбаев 18-10 есебімен ұтқан.
Кеше бозкілемге шыққан Исхар алғашқы айналымда жапониялық Кагетора Окамотодан, сосын 1/8 айналымда Ихтиёр Ботировтан (Өзбекстан) басым түскен. Ал ширек финалда Еуропа чемпионы, молдовалық Артём Делянумен күш сынасып, айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетейік, 23 жастағы Исхар Құрбаев осыған дейін U23 жас санатында Азия чемпионы атанып, U23 әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Сонымен қатар U20 әлем чемпионатының жеңімпазы.