Айсұлу Тыныбекова әйелдер күресінен Токио Олимпиадасында күміс жүлдегері
Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері – қырғызстандық Айсұлу Тыныбековаға ерекше құрмет көрсетілді.
Дзюдодан Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Азия ойындарының қола жүлдегері Келбет Нұрғазина мен әйелдер күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Айым Әбділдина бауырлас елдің балуанына шапан жапты. Бұған қатысты бүгінде жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы міндетін атқаратын Келбет Нұрғазина әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
Айсұлу Тыныбекова әйелдер күресінен Токио Олимпиадасында күміс жүлде иеленсе, Париждегі ойындарда қола медальға қол жеткізді. Сонымен бірге, ол әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. Азия чемпионатының алты мәрте чемпионы. Ол Париж Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шығып, бүгінде қыз баланың анасы атанды.
Биылғы сәуір айында Бішкекте өткен Азия чемпионатында спортшы үлкен спортқа қайта оралуды көздейтінін және Олимпиада чемпионы атану үшін 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін ойындарға қатысуды мақсат тұтып отырғанын мәлімдеген болатын.