35 жастағы Хэлен Марулис – Рио Олимпиадасының чемпионы
Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер күресінен қола медаль үшін белдескен америкалық танымал балуан ота жасатуға мәжбүр болды.
57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Хэлен Марулис қазақстандық Нилуфар Раимовамен кездесуде қабағынан ауыр жарақат алды. АҚШ құрамасының дәрігерлері балуанды тексергеннен кейін оған бірден шағын ота жасау туралы шешім қабылдады. Осылайша, марапаттау рәсімінен кейін дәрігерлер қонақүй дәлізінде Хэленнің қабағына тігіс салды.
«Біздің медициналық топқа және көмекші персоналға зор алғысымды білдіремін. Қазақстандағы қонақүй дәлізінде қабағыма тігіс салдыру мен үшін жаңа тәжірибе болды», – деді спортшы отадан кейін.
Айта кетейік, АҚШ өкілі Астанада өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Ол Нилуфар Раимовамен белдесуде 5:2 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының тоғыз дүркін жүлдегері атанды.
35 жастағы Хэлен Марулис – Рио Олимпиадасының чемпионы. Сонымен қатар, ол Токио мен Париж Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған. Бұдан бөлек, спортшы әлем чемпионатында төрт рет алтын жүлдеге ие болған.