Ресейдің күрес федерациясы балуандарға қатысты шешім қабылдады. Енді RAF лигасында өнер көрсететін балуандарға ары қарай аталған ұйымның турнирлерінде күресуге шектеу енгізіледі.
Осыған байланысты Ресейдің еркін күрес құрамасының бас бапкері Хаджимурат Гацалов балуандарды RAF лигасының турнирлеріне жібермейтінін мәлімдеді.
Бапкердің уәжі бойынша, RAF жарыстары ұлттық құраманың негізгі бәсекелерге дайындығына кедергі келтіретіні айтылып отыр. Оның сөзінше, Ханиев, Кадиев және Абдулрашид Садулаев жаттығу процесіне көңіл бөлудің орнына, АҚШ-та өтетін лигадағы белдесулеріне дайындалған.
«Алайда бұл жағдайға басқа қырынан да қарауға болады. Мәселе дайындықта емес, ресейлік балуандардың RAF лигасында мықты қарсыластармен кездесіп, кейде жеңіліп қалуында емес пе? Спортшы жеңілген кезде оған таудағы оқу-жаттығу жиындарын, дайындықтың жеткіліксіздігін немесе жаттығу жүйесіндегі кемшіліктерді сылтау ету оңай. Ал қарсыластардың да күресе алатынын мойындау әлдеқайда қиын», - деп жазды KULAK MMA.
Енді федерация шешімі бойынша еркін күрес балуандарына нақты талап қойылып, өзге лигаларға қатысуға болмайды, тек бапкерлер штабы рұқсат берген турнирлерде ғана күресуі тиіс.
Айта кететін жайт, шілде айында RAF лигасының Грузияда өткен турнирінде Садулаев Снайдерден мерзімінен бұрын жеңілген болатын. Аталған жағдайдан кейін ол жарақатын емдеп, Ресей чемпионатына қатыса алмады. Ал жақында Астанада өткен әлем чемпионатының ширек финалында Садулаев Снайдерден тағы да жеңіліп, алтынсыз қалды. Турнир нәтижесінде ол қола медаль еншіледі.