Олимпиадаға жолдама алу үшін балуандар әр жеңісі үшін ұпай жинайтын болды

UWW Олимпиада-2028 жолдамасына таласудың жаңа жүйесін бекітті

Спортты дамыту дирекциясы
Спортты дамыту дирекциясы

Біріккен күрес әлемі (UWW) Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде қолданылатын рейтингтік ұпай есептеу жүйесін бекітті. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sports.kz хабарлады.

Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Басты өзгеріс – енді спортшылар рейтингтік ұпайды тек турнирдегі алған орны үшін ғана емес, әр жеңген белдесуі үшін де иеленеді. Бұл ретте Ranking Series санатындағы жарыстардың маңызы арта түспек.

Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңімпазға 40 мың ұпай беріледі. Бұған қоса, әр жеңісі үшін балуанның еншісіне тағы 2 мың ұпай қосылады. Ал жеңіске жетпей, жарысқа қатысқаны үшін спортшыға 250 ұпай есептеледі.

Ranking Series турнирінде бірінші орын алған балуан 20 мың ұпай иеленсе, әр жеңісі үшін қосымша 1 мың ұпай алады. Құрлықтық чемпионаттар мен ойындарда жеңімпазға 10 мың ұпай, әр жеңісі үшін 500 ұпай беріледі.

Егер салмақ дәрежесінде сегізден аз спортшы қатысса, жүлделі орын үшін берілетін тұрақты ұпай саны екі есе қысқарады. Ал жарыстан шеттетілген, өз еркімен турнирден шыққан немесе қорытынды хаттамаға енбеген балуандар рейтингтік ұпай алмайды.

Олимпиадалық рейтингті қалыптастыру кезінде UWW спортшылардың жеті мүмкіндіктің ішіндегі ең үздік бес нәтижесін есепке алады.

2027 жылы бұл тізімге үш Ranking Series турнирі, құрлықтық чемпионат және әлем чемпионаты кіреді. Ал 2028 жылы балуандар бір Ranking Series жарысы мен құрлықтық чемпионатта ұпай жинай алады.

Іріктеу рейтингі қорытындысы бойынша әр олимпиадалық салмақ дәрежесінде үздік үш спортшы 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алады. Осылайша, енді әр белдесудегі жеңістің маңызы арта түседі.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам