Жаңа шектеулер 16 қарашадан бастап күшіне енді
Норвегия үкіметі Ресей мен Беларусь спортшыларының ұлттық ту астында немесе бейтарап мәртебеде өнер көрсетуіне қарамастан, елге кіруіне шектеу қойды.
Норвегияның әділет және қоғамдық қауіпсіздік министрі Астри Аас Хансеннің мәлімдеуінше, енді көші-қон қызметі мен полицияға халықаралық жарыстарға қатысу үшін елге келетін ресейлік және беларусьтік кәсіби спортшылар мен олардың команда мүшелеріне кіруге рұқсат бермеу тапсырылған. Осы санаттағы азаматтарға виза да берілмейді.
Жаңа шектеулер 16 қарашадан бастап күшіне енді. Бұл талап визалық өтінімдерін бұған дейін тапсырған азаматтарға да қолданылады. Алайда Шенген аймағындағы елдердің бірінде тұруға жарамды рұқсаты бар Ресей мен Беларусь азаматтарына бұл шектеу жүрмейді.
Еске салайық, 12 қарашада Норвегия билігі ресейлік және беларусьтік спортшылардың елге кіру талаптарын қатаңдату ниетін жариялаған болатын. Үкімет мұндай шешімді Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен бірқатар халықаралық спорт федерацияларының шектеулерді жеңілдетуімен байланыстырды. Соның нәтижесінде Ресей мен Беларусь өкілдеріне халықаралық жарыстарға қайта қатысуға мүмкіндік берілген еді.
Жаңа талаптар алдағы қысқы спорт түрлерінен өтетін бірнеше халықаралық жарысқа әсер етуі мүмкін. 20-22 қараша аралығында Лиллехаммерде шаңғымен тұғырдан секіруден әлем кубогының кезеңі өтсе, 4-6 желтоқсанда Тронхеймде шаңғы жарысынан әлем кубогы ұйымдастырылады. Соңғы додаға Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясынан (FIS) бейтарап мәртебе алған ресейлік спортшылар қатысуы мүмкін еді.
Бұған дейін Финляндия үкіметі де Ресей азаматтарының, соның ішінде кәсіби спортшылардың елге кіруіне қатысты талаптарды қатаңдатқан болатын. Жаңа ережелер бұл елде де 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.