Ол әлемнің 6 дүркін чемпионы
Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының чемпионы Джордан Барроуз Тараздағы Д.Қонаевты еске алуға арналған турнирде сынға түсуде. Бүгін басталған жарыстың алғашқы белдесуінде АҚШ балуаны қазақстандық қарсыласы Е.Бексұлтановты 9:2 есебімен жеңді.
Еркін күрестен әлемдегі үздік балуанның бірі саналатын Д.Барроуз соңғы екі жылда 79 келіде белдесіп, осы салмақта екі дүркін әлем чемпионы атанған. Енді ол Олимпиада қарсаңында салмақ ауыстырып, өз мүмкіндігін сынап көруге бел буып отыр.
Халықаралық рейтингтік турнир санатына енген Д.Қонаев атындағы бәсекесінің келесі айналымында АҚШ спортшысы тағы бір отандасымыз К.Мұсабековпен шеберлік байқасады.
Джордан Барроуз Олимпиада чемпионы атанумен қатар, әлем чемпионатын 6 рет ұтқан спортшы. Сонымен бірге, Панамерика Ойындарының үш дүркін жеңімпазы.