Екеуі де ұлттық құраманың сапында өнер көрсетеді
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Абиба Әбужақынова өзінің көңіл қосқан жігіті туралы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде айтты. Ол біраз уақыттан бері 81 келіде күресетін маңғыстаулық Руслан Мұсаевпен көңілі жарасқанын жасырмады.
«Жігітім бар. Бұйырса Парижге баратын шығар. Аты-жөні Руслан Мұсаев. Құрамадағы спортшы», - деді ол бағдарлама барысында.
Тележүргізушінің бірнеше сауалынан кейін дзюдошы жігітіне қатысты бірнеше деректі айтып өтті.
«Алдағы уақытта Португалия, Франциядағы жарысқа барамыз. Алдағы желтоқсан айында Токио Гранд слэмінде Руслан да күреседі. Екеуіміз ұлттық құрама қатарында бірге барамыз. Олимпиададан кейін күресті жалғастыра береміз», - деді ол.
81 келіде күресетін Руслан Мұсаев Маңғыстау облысының балуаны. Ол әлемдік рейтингте 87-ші орынға тұрақтаған. Көптеген халықаралық жарыстарда жүлде иеленді.
Ал, 48 келіде күресетін Абиба Әбужақынов өткен жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленсе, таяуда Қытайда аяқталған Азия Ойындарында күміс медальға қол жеткізді.