Алтын медаль иеленген спортшылар 250 мың доллардан алады
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Париж олимпиадасында жеңімпаз атанған спортшыларға берілетін сыйақы мөлшерін атады.
Министрдің айтуынша, спортшылардан бөлек олардың бапкерлері мен жаттықтырушылары да ынталандыру сыйлықтарына ие болады.
«Жүлде мөлшері өзгерген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, чемпионға 250 000 доллар, күміс медаль үшін 150 000 доллар және қола медаль үшін 75 000 доллар беріледі. Сондай-ақ, 4-6 аралықтағы орындарға ие болған спортшыларға тиісінше 30, 10 және 5 мың доллар төленеді. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерге ақшалай ынталандыру қарастырылған», - дейді министр Ермек Маржықпаев.
Командалық спорт түрлеріндегі чемпиондар мен жүлдегерлерге әр орын үшін 100 пайыз мөлшерінде ақшалай ынталандыру сыйлығы беріледі. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады.
«Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар чемпиондарға немесе жүлдегерлерге коммуналдық тұрғын үй қорынан өтеусіз негізде пайдалануға тұрғын үй беретінін атап өткім келеді. Бұл ретте мемлекет чемпиондарға немесе жүлдегерлерге, сондай-ақ еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған жаттықтырушыларға және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетеді», - дейді министр.
Айта кету керек, 2020 жылы үкімет қаулысымен әр спорт түрі бойынша Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен бапкерлеріне берілетін сыйақы мөлшері бекітілді.