ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

Ағайынды Оралбайлардың әкесі ұлдарының алтын алатынына сенімді

16.07.2024, 16:05

Париж Олимпиадасында Нұрбек Оралбай 80 келіде, ал Айбек Оралбай 92 келіде сынға түседі

Ағайынды Оралбайлардың әкесі ұлдарының алтын алатынына сенімді
Sputnik / Абзал Калиев

Бокстан Париж Олимпиадасында сынға түсетін ағайынды Айбек, Нұрбек Оралбайлардың әкесі Рахат Оралбай қос ұлының жүлдесіз қайтпайтынына сенім білдірді. Қазақпаратқа берген сұхбатында ол төртжылдықтың басты ойындарында ұлдарында мүмкіндік мол екеніне тоқталды.

«Олимпиада жақындаған сайын әр нәрсені ойлаймыз. Осы бастан Қазақстан атынан қатысатын барлық спортшы ұл-қыздарымызға жеңіс тілеп отырмыз. Алдағы арманның бірі – солар осы жолы туымызды биіктетіп, Париж төрінде әнұранымызды шырқатса екен! Қазір ұлдарымды күнделікті қадағалап отырмын. Телефон арқылы байланысып, дайындықтарын бақылап, салмақтарын қалай реттеп жатқанын сұраймын. Реті келсе, ақылымызды да айтамыз. Көпшілікпен кеңесіп, уақыт режимін тексеріп тұрамыз. Ең бастысы, екі ұлымның жүрегіндегі сенім. Құдай қаласа, екі ұлым да еліме екі алтынды алып келеді деп үміт артамын. Сол қуанышты күннің нәсіп болғанын қалап жүрміз», - деді Рахат Оралбай.

Ол әңгіме барысында балаларының кішкентайынан спортқа жақын болғанын атады. Сондай-ақ, әкесі кезінде еркін күреспен айналысқандықтан егіздердің аталған спорт түрімен шұғылданғанын қалаған.

«Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен спортқа жақындығы, бейімі бойларында болды. Өзім еркін күрестен спорт шеберімін. Қос ұлымды кішкентай кездерінен өзіммен бірге ертіп, күніне 2 мезгіл жаттығуға алып барып жүрдім. Жасырары жоқ, менің жолымды қуса деген арманым болды», - деді боксшылардың әкесі.

26 шілдеде басталатын Париж Олимпиадасында Нұрбек Оралбай 80 келіде, ал Айбек Оралбай 92 келіде сынға түседі.

Айта кететін жайт, букмекерлік кеңселер Олимпиадада 92 келіде басты фаворит ретінде кубалық Хулио Ла Крузды таныған. Ал Айбек Оралбайдың чемпион атану мүмкіндігін 17 коэффициент беріп отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам