ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

Ресей Қазақстанға Олимпиададан жүлде алмайтын спортшысын бере салған

19.07.2024, 14:36

Ресейлік бапкер спортшының болашағына күмән келтірді

Ресей Қазақстанға Олимпиададан жүлде алмайтын спортшысын бере салған
sport24.ru

Ресейден қоныс аударған 17 жастағы Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстан жазғы чемпионатында жеңіске жетті. Бірақ ресейлік танымал бапкер Татьяна Тарасова Самоделкинаның болашағына сенбейді.

КСРО-ның Еңбек сіңірген бапкері Татьяна Тарасова мәнерлеп сырғанаушы жазғы Қазақстан чемпионатында топ жарғанымен, дәл осындай көрсеткішімен Олимпиада ойындарында жүлде алуға қабілетті емес. Өйткені оның жинаған ұпайы бапкердің көңілінен шықпаған. Бұл туралы Тарасова «Риа Новости Спорт» сайтына берген сұхбатында айтты.

Қазақстан чемпионаты сәрсенбі күні мәреге жетті, ал Самоделкина қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 161, 43 ұпай жинады. Бұл оның Қазақстан азаматтығын алғаннан бергі алғашқы жарысы. 

«Олимпиаданың медалі қайдан болсын? Мынандай сырғанаумен ол жүлде әкелмейді. Сондықтан Софьяның болашағына сенудің қажеті жоқ», - дейді Татьяна Тарасова. 

Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында Ресейдің күміс жүлдегері, әлемдік Гран-придің күміс жүлдегері Самоделкина биыл мамыр айында Қазақстан азаматтығын алған болатын. Оның бұл әрекетіне қатысты Ресейдің спорт қауымдастығы көп сын айтқанымен, қолдаушылар да табылып жатты.

17 жастағы Самоделкина төрттік секіру мен қатарынан үш аксель жасай алатын аз спортшының бірі. Ол биылдан бастап әлемдік турнирлерде Қазақстан намысын қорғайтын болады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам