Енді ол үшінші орын үшін татамиге шығады
Париж Олимпиадасында дзюдодан жартылай финалға шыққан Ғұсман Қырғызбаев шешуші сәтте ұтылып қалды.
Ол Бразилия балуаны Лима Виллианмен белдескен еді. Екеуара күрес негізгі уақытта тең аяқталды. Бастапқы кезеңдері төреші қазақ дзюдошысына екі рет шидо берсе, кейін қосымша уақытта қарсыласы да екі ескерту алды. Ғұсман белдесуде белсенділік танытты. Отандасымызда жеңіске жететін мүмкіндік болған еді. Алайда, қарсыласы тізесін ауырсынған соң дәрігерлер көмегіне жүгінді.
Өкінішке қарай отандасымыз босаңсыған сәтте Бразилия дзюдошысы әдіс жасап, жеңіске жетті.
Ғұсман Қырғызбаев бүгінгі жарыс кезінде алғашқы айналымда Испания өкілін ұтса, екінші айналымда оңтүстіккореялық Ан Ба Улды жеңді. Ал ширек финалда француз дзюдошысынан басым түскен. Енді үшінші орын үшін татамиге шығады.