Белгілі маман өз шәкіртін татамиде бірнеше рет алып соқты
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов қуанышын ұзақ уақыт тойлағаннан кейін жаттығу залына оралды. Белгілі дзюдошы кезекті жаттығуында өзінің алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлмен спаррингтік белдесу өткізді.
60 келіде белдесетін белгілі татами шебері жаттығу барысында бапкерімен түрлі әдістерді жасап көрді. Алайда белгілі маман өз шәкіртін татамиде бірнеше рет алып соқты. Аталған бейнежазбаны Сметов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Алғашқы бапкеріммен 5 жасымда күресіп, ұта алмай жылап қалушы едім. Әлі күнге ұта алмай келемін», - деп жазды Елдос Сметов.
Естеріңізде болса, Сметов Париж Олимпиадасынан кейін Т.Рысқұлов ауданына барғанында жерлестері сыйлаған көлікті алғашқы бапкеріне тарту еткен болатын.
Жақында Елдос Сметовтің ұлттық құрамаға қашан оралатыны белгілі болған еді. Спортшы жаңа жылдан кейін оқу-жаттығу жиындарына қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, ол тіл үйрену үшін 4 айға Лондонға баруды көздеп отыр.