Ол ешқандай байқауға қатысқан жоқ
Дзюдодан әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері Абиба Әбужақыноваға ASSYLTAS қорының стипендиясы табысталды.
Париж Олимпиадасындағы жеңілісінен кейін отандық татами шеберіне демеушілер есебінен бірқатар бағалы сыйлықтар табысталғаны белгілі. Бұл ретте ASSYLTAS қоры биыл Абибаға стипендия ешқандай дауыс беруге қатыспай-ақ табысталатынын алдын ала айтқан еді.
Айта кететін жайт, спортшыларға берілетін стипендияға үміткерлер тізіміне Елдос Сметов пен Ризабек Айтмұқан енген жоқ. Себебі, қос спортшы бұған дейін иегер атанған.
Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 келіде сынға түсіп, бесінші орынға тұрақтады. Ол турнир барысында екі қарсыласын ұтып, ширек финалға дейін жеткен еді. Бірақ жартылай финалға шығар белдесуде ол Испания дзюдошысынан оңбай ұтылды. Ал жұбаныш белдесуінде Парагвай дзюдошысын жеңіп, қола медаль үшін күресте Швеция спортшысына жол берді.