Бұл Олимпиадада топ жарған дзюдошыларға берілетін ең мәртебелі дәреже
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовке Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) кимоноға арналған алтын түстес жапсырма жіберген еді. Балуан алғаш рет осы «нашивканы» киіп күресе бастады.
Желіде Елдос Сметовтің туған жері Тараз қаласында алтын түстес жапсырмамен күресіп жүрген видеосы тарады. Бұл Олимпиада ойындарында топ жарған дзюдошыларға берілетін ең басты мәртебелі дәреже. Елдос Сметов алдағы жарыстарда осындай жазуы бар кимономен сынға түсетін болады.
Бұған дейін спортшының жаңа жылдан кейін жаттығуға кіріскенін жазған едік. Жалпы спортшы алдағы күндері ағылшын тілін үйрену үшін Лондонға ұзақ уақытқа барады. Ал ұлттық құрама сапына 2026 жылдың басында қосылуды көздейтінін айтып отыр.
Елдос Сметов 60 келіде үш рет Олимпиада ойындарынан жүлде алды. Ол Риода күміс жүлдегер атанса, Токиода қола алды. Ал Париждегі додада 5 белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.