
Шорт-трекші Денис бүгін әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды
Қазақстандық шорттрекші Денис Никиша Бейжіңде өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта екінші орынға ие болды. Осылайша, ол әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр.
Қытай астанасындағы аламанда ол мәреге 40,096 уақыт көрсеткішімен екінші болып жетті. Бірінші орынды канадалық Стивен Дюбуа (40,008) иеленсе, үздік үштікті нидерландтық Йенс Ван Т’Ваут (40,163) қорытындылады.
Денис былтыр да дәл осы қашықтықта әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Ендеше, дарыны мен еңбекқорлығы ұштасқан спортшыны оқырманға жақынырақ таныстырып өтсек.
Өмірін өзгерткен кездесу
Денис Никиша 1995 жылғы 7 тамызда Қостанайда дүниеге келген. Ішкі жарыстарда Көкшетаудың атынан өнер көрсетеді. Бір қызығы, Денис қысқы спорт түрімен әуестенбес бұрын каратэмен, жүзумен, тіпті тоғызқұмалақпен айналысқан екен. Жүзуден гайморитке байланысты бас тартуына тура келген. Ал шорт-трекке төртінші сыныпта оқып жүргенде жазылыпты. Айтуынша, бір кездесу өмірін түбегейлі өзгерткен. Дене шынықтыру сабағына келген жас жұбайлар Пётр мен Ксения Гамидовтар Қостанайда қысқы спорт түрінен үйірме ашылатынын айтып, қатарға қосылуға шақырған. Денис ойланбастан келісім беріпті. Бұл туралы спортшының өзі ҰОК сайтына берген сұхбатында былай деген:
«Шыны керек, ол кезде ештеңе түсінбейтінбіз. Маған конькимен тегін сырғанауға болатыны ұнады (күліп). Ол кезде ролик тебе алатынмын, сондықтан коньки үйрену қиын болмайды деп ойладым. Міне, осылай мұздайдыннан бір-ақ шықтым. Ең бастысы, мені шорт-трекке алып келген сол жас жұбайлар әлі күнге дейін жанымда. Қазір ол кісілер менің жеке бапкерлерім».
Айтпақшы, Пётр Гамидов – қазір Қазақстан құрамасының бас бапкері.
Әлем рекорды
Денистің жетістіктері де көп ұзамай көріне бастады. Тіпті жастар арасында екі рет әлем біріншілігінің (2014, 2015 жылдар) қола жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар 2014 жылы 500 метрге жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты. Елімізден жасөспірімдер арасында әлем біріншілігінің келесі жүлдегері араға 10 салып шықты. Денистің жетістігін 2024 жылы күміс медаль еншілеген Алина Әжіғалиева қайталады.
Олимпиададағы нәтиже
Никиша 16 жасында ересектер сапына қосылды. Ал 18 жасында, 2014 жылы Сочидегі Олимпиада ойындарына қатысып, өзінің спорттық мансабындағы маңызды кезеңді бастан өткерді. Сочиде ол командамен бірге эстафетада бесінші орын алды.
Бейжің олимпиадасында да құрамамыз бесінші орынмен шектелді. Дегенмен бұл жайттың бәрі Денистің өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, соның арқасында 2023 жылы Денис 500 метрге жүгіруден әлемдік ISU рейтингінде жалпы есепте көш бастады.
Спортшының басты қарсыластары
Никишаның жеңіске жетудегі өз әдісі бар. Ол бір сұхбатында спортшыға кедергі келтіретін үш фактормен қалай күресетінін айтып еді.
«Мақсатыңа жету үшін үш адамды жеңуің керек: қарсылас, өзің және төреші. Қарсылас түсінікті, өзің дегенім – ол сенің қорқынышың мен уайымың. Қандай тәжірибелі спортшы болсаң да, қобалжу болады. Себебі біз темір не робот емеспіз. Ал үшіншісі, бір де бір төреші сенің жеңіске жеткеніңе күмән келтіре алмауы керек. Мен осы үш фактордың арасында баланс ұстауға тырысамын. Әйтпесе техниканы ғана шыңдау аздық етеді. Жаттығудағы еңбекқорлық пен тәртіпті де ешкім жоққа шығармайды. Өз қабілеттеріңді үнемі шыңдап отыруың керек. Мен үшін медаль дегеніміз – мұқалмаған жігерім мен тынымсыз еңбегімнің белгісі», - деп еді спортшы.
Бензема және көлікке деген қызығушылық
18 жасында Никиша ағылшын тілінде еркін сөйлетін деңгейге жетті. Бұл жолда оған Оңтүстік Кореядан келген бапкер көмектесті. Ал достары оны әзілдеп Бензема деп те атайды. Футболға әуестенгені үшін емес, сыртқы келбеті ұқсайтындықтан. Денистің өзі спорттан тыс өмірде көліктерге қызығатынын айтады.
«Көліктерді ерекше жақсы көремін, түрлі маркалар туралы видео қарағанды ұнатамын. Жалпы, автомобильге қатысты дүниенің бәрі жаныма жақын», - дейді ол.
Жеке өмірі
Никиша 2024 жылы шаңырақ көтерді. Жұбайының есімі – Мадина. Жарына үйлену туралы ұсынысты 2022 жылы желтоқсанда Алматыда өткен Әлем кубогында – қалың жанкүйердің қолдауымен мұзайдында тұрып жасады.
Қазақстандағы шорт-тректің дамуы
Денис шорт-тректі өзінің өмірінің маңызды бөлігі санайды және елімізде осы спорт түрінің танымалдығын арттыруды қалайды. Спортшының сөзінше, Қазақстанда бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Соның арқасында бәсекелестік те артып келеді.
«Бәсеке деген керемет дүние. Бұл біздің дамып жатқанымыздың белгісі. Бізден кейін де мықты балалар бар екенін көру көңіл қуантады. Өз басым соны көріп жігерленемін. Жаттығулар кезінде жасөспірімдер жылдамдығын арттыра түссе, мен де алға ұмтыла түсемін», - дейді Никиша.
Тынбай еңбектену үшін шабытты қайдан алатыны туралы сұраққа Денис былай деп жауап берген:
«Немерелерім «менің атам Олимпиада чемпионы болған» деп айтып жүргенін қалаймын».
Ендеше, спортшының арманы орындалуына біз де тілекшіміз.