Қымбат сыйлықты Хусанов өзіне алмай, әкесіне берді
Өзбекстан құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін Ташкентке оралған «Манчестер Сити» қорғаушысы Абдукодир Хусановқа көпшілік арасында «Гелик» аталып кеткен Mercedes-Benz көлігі сыйға берілді.
Желіде құны 350 мың доллар тұратын темір тұлпарды сыйға тарту сәтінің видеосы тарады. Дегенмен қымбат сыйлықты Хусанов өзіне алмай, әкесіне берді.
Ал көлікті қазақстандық футбол менержері Ұлықбек Асанбаев табыстаған. Футболшының темір тұлпарды әкесіне сыйлағаны көпшіліктің көңілінен шыққан.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлықбек Асанбаев «Мен агент емеспін және ешқашан агент болған жоқпын. Менің жұмысым – ойыншыларды спорттық жағынан сүйемелдеу, оларға дұрыс команда мен бапкер табу. Абдукодир Хусановтың агенті – Гайрат Хасбиуллин», деп айтқан болатын.
Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу аясында 20 наурызда Қырғызстанмен, ал 25 наурызда Иранмен кездеседі. Хусанов сол ойындарға қатысу үшін еліне келген.