Хифуми Абэ Олимпиадада қарындасы жеңілген соң ашуланып күресті - Ғұсман Қырғызбаев

28.03.2025, 12:41

Жапон дзюдошысы ширек финалда тәжік балуанының қолын сындырып жіберген

Хифуми Абэ Олимпиадада қарындасы жеңілген соң ашуланып күресті - Ғұсман Қырғызбаев
ҰОК

Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев журналист Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында Олимпиададағы қызықты оқиғалар туралы айтты. Белгілі спортшының сөзінше, жапонның әйгілі балуаны Ута Абэ өзбек дзюдошысынан жеңілген соң оның ағасы ашуға бой алдырып, татамиде өзін қатал ұстаған.

«Күрес барысында Хифуми Абэ өте қатал болды. Ол қарындасы жеңілген соң қатты ауыр қабылдады. Ағасы ашуланып жүріп күресіп, ширек финалда тәжік балуанының қолын сындырып жіберді. Әрине, ол мұны әдейі істеген жоқ. Белдесу кезінде қолын қайырып алып, сол сәтте сынып кетті. Кейін мұны Абэ сұхбатында да айтты. «Қарындасым жеңілген соң маған қалай да Олимпиадада топ жару керек болды» деп жауап берді. Тәжік спортшысы да жеңілмес үшін құлап бара жатқанда қолын тіреп, тәуекелге барды», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Сондай-ақ, балуан сұхбат барысында Париждегі белдесу сәтінде көпшілік арасынан бапкері мен құрамадағы әріптесі Елдос Сметовтің қандай әдіс қолдануы керектігін айтып, айғайлап тұрғанын алға тартты.

«Елдің айғайлағаны естіліп тұрды ғой. Соның ішінде Елдостың дауысын анық естіп тұрдым. Жеке бапкерімнің де дауысын құлаққа жетіп жатты. Ағайым сол сәтте «Елдос былай деп айғайлашы, тамағым қарлықты» деп әдістерді Елдосқа айтады екен. Кейін күліп айтып берді», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Ғұсман Қырғызбаев өткен жылы Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп, жартылай финалға дейін жетті. Ол іріктеу кезеңдерінде Испания, Оңтүстік Корея, Франция дзюдошысын жеңсе, жартылай финалда Бразилия балуанына жол берді. Ал қола медаль үшін күресте Сербия балуанын жығып, төртжылдықтың басты ойындарынан олжалы оралды.

Сондай-ақ, спортшы алдағы Олимпиада ойындарында күресуді көздейтінін атады. Ол 36 жасқа қараған шағында АҚШ-та өтетін ойындарда татамиге шығу үшін барын салатынын жеткізді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам