
Құрлық біріншілігі биыл Братиславада өтеді
Санаулы күндерден кейін күрес түрлерінен Еуропа чемпионаты басталады. Айтулы жарысқа Түркия балуандары да қызу дайындалып жатыр. Күні кеше ұлттық құрама мүшелері дайындық жұмыстарын пысықтап, соңында құрбандық ретінде мал сойды.
Бұл туралы елдің күрес федерациясының президенті Таха Ақгүл өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеді. Ол Түркияның солтүстік бөлігінде орналасқан Кастамону провинциясына барып, ұлттық құрама балуандарының дайындығымен танысқан.
«Кастамонудағы ұлттық құрама оқу-жаттығу орталығында кездесу өтті. Сондай-ақ, спортшыларға сәттілік серік болсын деген ниетпен құрбандық шалынды», - деп жазды Таха Ақгүл.
Күрес түрлерінен Түркия құрамасы әлемде үздіктердің бірі болып есептеледі. Париж Олимпиадасында еркін күрестен аса ауыр салмақта қола медаль иеленген соң Таха Ақгүл спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Кейін ол Түркияның күрес түрлері федерациясына басшылыққа сайланды.
Айта кететін жайт, күрес бойынша Еуропа чемпионаты сәуір айының 7-14 күндері Словакия астанасы Братислава қаласында өтеді.