
Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Испанияда шеберлік сағатын өткізеді. Бұл туралы stagejudomadrid.com басылымы жазды.
«Жылдың ең үздік жаттығу жиыны келе жатыр! Париж 2024 Олимпиадасының чемпиондары – Елдос Сметов, Алис Белланди (Италия) осы маусымның басты қонақтары болады.
Олар Испанияға алғаш рет келіп, әлемнің әр түкпірінен келген дзюдошылармен өз шеберліктерін бөліседі. Бұл – ең үздіктермен бірге жаттығып, техникалық деңгейін арттырғысы келетін және әртүрлі елдерден келген спортшылармен татамиде бірге болғысы келетіндер үшін бірегей мүмкіндік», - деп жазды басылым.
Аталған оқу-жаттығу жиыны қыркүйек айының 4-7 күндері өтпек. Бұл жиынға балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер қатысып, әлемнің үздік дзюдошыларының сабағын алады.
Елдоспен бірге шеберлік сағатын өткізетін Италия өкілі Алис Белланди Париж Олимпиадасында 70 келіде топ жарды. Елдос Сметов қазіргі уақытта Лондонда ағылшын тілін үйреніп жатыр. Белгілі болған дерек бойынша, дзюдошы мамыр айында елге оралып, жаттығуға кіріспек.