Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов Әлем және Азия чемпионатын қорытындылады

09.04.2025, 22:45

Қос жарыста да ол чемпион атанған

Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов Әлем және Азия чемпионатын қорытындылады
olympic.kz

Иорданияда өткен Азия чемпионатында топ жарған Нұрқожа Қайпанов алдағы жоспары туралы айтты. Танымал балуанның сөзінше, ол үшін құрлық біріншілігінде қарсыластардан көрі, өзін психологиялық тұрғыда жеңу қиын болған.

«Қарсалыс демекші, ең басты қарсылас ол – өзің. Ең алдымен өзіңді жеңе білуің қажет. Енді қиын қарсылас деп бірінші айналымдағы балуанды және финалдық бәсекедегі қырғыз спортшысын айтар едім. Екі спортшы да жоғары деңгейде дайындалған. Әсіресе қырғыз спортшысы біраз қиындық тудырды. Алайда, соған қарамастан, бапкерімнің қойып берген жоспарына сай жұмыс істеп, жарыстың финалында жеңіске жеттім», - деді балуан.

Былтыр қазан айында Нұрқожа әлем чемпионы атанған болатын. Жаһан біріншілігіне ол жарақатпен барыпты. Соған қарамастан барлық қарсыласын жеңе білген.

«Тиранадағы әлем чемпионатынан кейін көбіне оңалту процесстеріне назар аудардық. Себебі сол додада кішігірім жарақаттар алып қалған болатынмын. Дегенмен, уақыт өте келе денсаулығымды қалпына келтіріп, Азия чемпионатына бір ай қалғанда жоспар бойынша бапкеріммен жүйелі дайындыққа кірісіп кеттік. Өйткені сол кезде жарақаттарымнан толық айықтым. Жаттығулар жоғары деңгейде өтті», - деді Қайпанов.

Ұлттық құраманың танымал өкілі бүгінде Азия құрлығы бәсекелестері өте көп екенін атап өтті.

«Азия күресінің деңгейі едәуір өсіп, бәсекелестік күшейіп кетті. Соған қарамастан, ұлттық құрама ешқандай осалдық танытқан жоқ. Барлығы бар күш-жігерін салып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Әсіресе Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбековтің күресін ерекше атап өтуге болады. Олар бұл чемпионатта өз салмақтарын ауыстырған еді. Сол себепті финалдық белдесулерде физикалық тұрғыдан аздаған кемшілік байқалды. Себебі жаңа салмақ дәрежесінде бейімделу үшін уақыт қажет», - деді әлем чемпионы.

Нұрқожа Қайпанов еліміздің еркін күрес тарихында әлем чемпионы атанған екінші балуан. Ол 70 келіде әлем үздігі болса, жақында ғана 74 келіде Амманда құрлық чемпионы атанды. Қайпанов өз мансабында үш дүркін Азия чемпионы болған спортшы.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам