
Аталған жарысқа әлемнің 11 елінен дзюдошылар қатысқан
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің інісі Өзбекстан астанасында аяқталған «Tashkent Open Judo Kids Cup III» турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Ташкенттегі «Universal» спорт кешенінде дзюдо бойынша жасөспірімдер арасында өткен сында Елдостың туған ағасы Бақберген Сметовтің ұлы Елдар жүлдеге қол жеткізген.
Елдостың өзі болса інісінің қуанышын көппен бөлісіп, ағасын құттықтады. Өзбек елінде өткен сынға жас балуанды Елдостың тағы бір ағасы Жандос Сметов баптап апарған.
«Еңбегің ақталып, жеңісті күндерің көп болсын», - деп жазды бұл туралы Елдос Сметов әлеуметтік желіде.
Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан халықаралық турнирде биыл Бразилия, Португалия, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, БАӘ, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Кувейт секілді 11 елдің жас дзюдошылары бақ сынады.
Әртүрлі жас және салмақ санаттарында 2000-нан астам спортшы күрескен сында бірнеше қазақстандық жас балуан жүлдеге қол жеткізді.