
Жарыс жолының алғашқы бұрылысында 11 мотошабандоз жаппай құлаған
Ұлыбританиядағы жарыста болған жаппай апат салдарынан мотошабандоздар Оуэн Дженнер мен Шейн Ричардсон қаза тапты.
Қайғылы оқиға Оултон-парктегі Superbikes кезінде болған. БАҚ мәліметінше, жарыс жолының алғашқы бұрылысы кезінде 11 мотошабандоз жаппай құлаған, мұның салдары қайғылы оқиғамен аяқталды.
«Жарыс дереу тоқтатылып, трассаға медицина қызметкерлері жіберілді. Bennetts British Superbike Championship біріншілігі тоқтатылды. Апат кезінде ауыр жарақат алған екі мотошабандоз қаза тапты, тағы бірі ауыр жараланды», – деп хабарлады жарысты ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі.
Жарыс ұйымдастырушыларынан бөлек, оқиғаға байланысты тергеуге полиция да қосылды.
«Мотоцикл жарыстарын бақылау кеңесі мен MotorSport Vision Racing бұл оқиғаның барлық жай-жапсарын Чешир полициясымен бірлесіп тергеуде», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, жарақат алған шабандоздар ауруханаға жеткізілгенімен, олардың бірі ауруханаға жетпей, екіншісі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Оуэн Дженнер 21 жаста болған, ал Шейн Ричардсон 30-ға толмай көз жұмды.
Жарақат алған тағы бес шабандоз жеңіл жарақатпен құтылса, үшеуі мүлде жарақат алмаған.