Ескек есуден қазақстандықтар Азия чемпионатын 4 алтынмен аяқтады

11.05.2025, 13:21

Жалпы есепте Қытайдан кейінгі 2-орынға тұрақтады

Ескек есуден қазақстандықтар Азия чемпионатын 4 алтынмен аяқтады
Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін Қытайдың Наньчан қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден сары құрлық чемпионаты мәресіне жетті.

Қазақстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлденің арқасында жалпы есепте жарыс қожайынынан кейінгі 2-орынға тұрақтады. Қытай құрамасы жарыстың басынан-аяғына дейін көш басындағы орнын сақтап қалды. Үшінші сатыға Иран елінің ескек есу шеберлері табан тіреді.

Чемпиондар: 
Ольга Шмелёва мен Ирина Подойникова (байдарка, 500 м) 
Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко (байдарка, 500 м) 
Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (каноэ, 500 м) 
Қазақстан әйелдер құрамасы (4 адам, байдарка, 500 м) 

Күміс жүлдегерлер: 
Бекарыс Раматулла (байдарка, 500 м) 
Виктор Степанов (каноэ, 200 м) 
Стелла Суханова (байдарка, 1000 м) 
Сергей Емельянов пен Полат Төребеков (каноэ, 500 м) 

Қола жүлдегерлер: 
Ольга Шмелёва (байдарка, 200 м) 
Мария Бровкова (каноэ, 500 м)
Қазақстан құрамасы (4×микст, байдарка, 500 м)
Қазақстан құрамасы (4×микст, каноэ, 500 м) 

«Біз үшін 12 жүлде жақсы нәтиже. Негізгі қарсылас жарыс қожайыны болатыны белгілі еді. Төрт алтынның екеуін Олимпиада бағдарламасына кіретін қашықтықта алдық. Алып келген командамыздың 50-60% жастар. Қазір соларды негізгі құрамға қосуға ден қойып отырмыз»,-деді Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Наньчан қаласында өткен XX чемпионатқа келген Ұлттық құраманың барлық 26 спортшысы финалда сынға түсті. Биыл барлығы 20 елден 340 атлет жиналды.

«Сергей Емельянов, Ольга Шмелёва сынды тәжірибелі спортшыларымызбен қатар жаңа қосылған жастар да өзін жақсы көрсете алды. Бірнешеуі ересектер арасындағы алғашқы жүлдесіне ие болды. Енді алда 23 жасқа дейінгі санатта Таиландта Азия чемпионаты болады. Сол жерде жақсы нәтиже көрсетеріне сенеміз»,-деді байдарка мен каноэде ескек есуден ҚР-ның Мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Сұлтанбеков. 

Осыған дейінгі 5 Азия чемпионатындағы Қазақстанның нәтижесі: 
Токио-2024: 6 алтын, 3 күміс, 2 қола (1-орын) 
Районг-2022: 10 алтын, 8 күміс, 10 қола (2-орын) 
Шанхай-2017: 10 алтын, 4 күміс, 3 қола (1-орын) 
Палембанг-2015: 5 алтын, 4 күміс, 1 қола (1-орын) 
Самарқан-2013: 6 алтын, 8 күміс, 7 қола (2-орын)

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам