
Ол үлкен спортқа оралғанын мәлімдеп отыр
Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі аяқталған соң Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов жанкүйерлеріне үндеу жолдады.
Белгілі дзюдошы Лондоннан елге оралғанын атай келе, аталған турнирде қазақстандық спортшыларға жанкүйер болғанын жеткізді. Сондай-ақ, жарыстың деңгейі көтерілгеніне ерекше тоқталды.
«Қазақстанға оралып, елімізде үшінші рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысып, бауырларыма жанкүйер болып келдім. Grand Slam дәрежесі биыл былтырғыдан да өсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қатысып, қазақстандық дзюдошылардың күресін тамашалады. Біз үшін мұндай ықыласқа бөлену үлкен мәртебе. Биыл біздің құрама 9 медальға ие болды. Тәжірибелі дзюдошыларымыздың ізін жалғайтын жастарымыз да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әчіресе, 60 келідегі ізбасарларымыз «қазақтың салмағы» деген атақты сақтап қалды», - деді ол.
Белгілі спортшы бұдан әрі қарай ел намысын абыроймен қорғауды жалғастыратынын атады.
Естеріңізде болса, Астанада 9-11 мамыр күндері өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасының балуандары 9 медаль иеленді. Оның ішінде 3 күміс, 6 қола медаль бар.