Оларды спорт табыстырды: Қазақстандағы спортшы жұптарды білесіз бе?

15.05.2025, 23:04

Олардың әрбірі ел намысын абыроймен қорғап жүр

Оларды спорт табыстырды: Қазақстандағы спортшы жұптарды білесіз бе?
Фото әлеуметтік желіден

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Спорт арқылы өзінің сүйікті кәсібін ғана емес, өмірлік жарын да тапқан саңлақтарымыз аз емес. Ендеше Халықаралық отбасы күні аясында спорттағы бірқатар жұпты назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрқожа Қайпанов пен Мария Седнева

Нұрқожа – еркін күрестен әлем және 3 дүркін Азия чемпионы. Ал жары – халықаралық рейтингтік жарыстардың жеңімпазы, Қазақстан чемпионаты мен Кубогының чемпионы.

Асхат Жіткеев пен Елена Павлова

Екеуі де 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасына қатысқан. Дзюдошы Асхат Жіткеев сол ойындарда күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2 дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының 3 дүркін қола медаль иегері. Елена – волейболдан клубтар арасында Азия чемпионы, Испания және Швейцария чемпионаттарының жеңімпазы.

Олжас және Әйгерім Сәттібаевтар

Нұрқожа мен Мария сияқты, Олжас пен Әйгерім де бір спорт түрімен шұғылданған. Қазіргі таңда Олжас спорттық мансабын аяқтаса, жұбайы Әйгерім әлі де шаршы алаңда өнер көрсетіп жүр. Ол былтыр Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ Әйгерім – көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы. Ал Олжас – Рио Олимпиадасының қатысушысы, Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) 2 дүркін чемпионы, Азия чемпионы және қола жүлдегері. Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған.

Ислам және Алина Сәтпаевтар

Ислам мен Алина – бір спорт түрімен шұғылданатын жұп. Ислам – нысана көздеуден Париж Олимпиадасының және жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан рекордсмені, Әлем кубогінің бірнеше дүркін жүлдегері. Алина да нысана көздеу спортынан бірқатар жетістікке қол жеткізген. Атап айтқанда, ол – халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасы VI жазғы Спартакиадасының, чемпионаты мен Кубогының чемпионы.

Дидар Әмірәлі мен Мөлдір Жаңбырбай

Дидар – каратэден (WKF) жазғы Азия ойындарының 2 дүркін (күміс және қола) жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ Азия чемпионатында бірнеше мәрте жүлде алған.

Мөлдір – каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Ең беделді жарыс саналатын Премьер-лига турнирінің қорытындысы бойынша үздік каратэші атанған.

Нариман және Аида Құрбановтар

Спорттық гимнастикамен айналысатын Нариман – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы. Сондай-ақ оның еншісінде Азия ойындарының, Ислам ынтымақтастығы ойындарының, Универсиада мен Азия чемпионатының жүлделері бар.

Гимнаст Аида – Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы және бірнеше дүркін жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Константин Малиновский мен Арина Алтухова

Екеуі де бір спорт түрімен айналысып, былтыр Париж Олимпиадасына қатысқан. Нысана көздеуден Азия чемпиондары, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпаздары және бірнеше дүркін жүлдегерлері.

Дастан мен Айсұлу Мұқашбековтер

Дастан – ядро лақтырудан Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері. Айсұлу – пара нысана көздеуден халықаралық жарыстардың жеңімпазы.

Айта кетейік, бұл – қазақ спортындағы отбасылардың бір парасы ғана. Бұдан бөлек, спорт – көптеген команданы, достарды отбасы ретінде біріктіретін ықпалды күш.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам