
Осылайша ұлттық құрама алтын медальдар саны жағынан рекорд жаңартты
Ташкентте каратэден өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Софья Берульцева жеңімпаз атанды. Финалда ол жапониялық Сугита Сумирені сан соқтырды.
Отандасымыз жарысты бірден ширек финалдан бастаған. Бұл кезеңде ол қырғыз каратэшісі Бегимай Оразалиеваны жеңді.
Жартылай финалда өзбекстандық Мохларойыи Хакимжоновамен жекпе-жек өткізіп, ерекше камбэкпен басым түскен болатын.
Софья Берульцева Азия чемпионатының финалына осымен 5-ші мәрте шықты. Бұған дейінгі 4 финалдың біреуінде ғана жеңіске жеткен еді.
Ол – каратэден Олимпиада медалін алған қазақстандық алғашқы әйел спортшы. Шымкенттік қыз Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған еді. Сондай-ақ, ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Осылайша, Азия чемпионатында жекелей сайыста қазақстандық каратэшілер 4 алтын, 4 қола жүлдемен қорытындылады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осыған дейінгі Азия чемпионаттарында отандық каратэшілер 4 алтын жүлде алмаған.