Ресейлік легионер балуан Виктория Хусаинова Қазақстан кубогында жеңімпаз атанды

28.05.2025, 00:09

Бұған дейін тағы легионер балуан осы жарыста топ жарған еді

Ресейлік легионер балуан Виктория Хусаинова Қазақстан кубогында жеңімпаз атанды
Қазақстан күрес федерациясы

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан Қазақстан кубогында әйелдер күресінен 59 келіде ресейлік легионер Виктория Хусаинова топ жарды. Финалда ол осы салмақтың үздігі Диана Каюмовадан басым түсті. Виктория Қазақстан кубогында осымен екінші рет жеңімпаз атанып отыр.

Еске салайық, 2024 жылы Таразда өткен Қазақстан кубогында Диана Каюмова мен Виктория Хусаинова финалда белдесуі керек болған. Алайда Диана жарақатына байланысты белдесуден бас тартып, жеңіс Викторияға берілген болатын.

Виктория Хусаинова 2022 жылдан бері Қазақстанның біріншілігінде күресіп жүр. Тараздағы ел кубогында жеңіске жеткен соң құрамаға алынып, биыл алғаш рет шетелдік ірі жарысқа қатысып, финалда күрескен. Қыста ол Ресейдің Красноярск қаласында өткен Иван Ярыгин турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Ол Ресейде жасөспірімдер сапында Кемер облысының атынан жарыстарға қатысып, 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Ресей чемпионатының жеңімпазы атанған. Ресейде одан басқа жоғары жетістікке жетпеген.

Айта кетейік, осымен екі ресейлік легионер Қазақстан кубогының чемпионы атанды. Бұған дейін еркін күрестен Начын Куулар (65 келі) топ жарған еді. Ертең әйелдер күресінен тағы бір легионер Елена Шалыгина (65 келі) финалда күреседі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам