
СҚО-ның спортына жауапты Әділхан Сағындықовқа 60 мың теңге айыппұл салынған
Солтүстік Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Астана қаласындағы «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде заңсыз орнатылған желдету жүйесін алып тастауы тиіс. Астана қаласының соты осындай шешім қабылдады.
Kozachkow Telegram-арнасының мәліметінше, СҚО-ның спортына жауапты Әділхан Сағындықов басқа меншік иелерінен рұқсат алмай, «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде ғимараттың қасбетін бұзып, төбесіне желдету жүйесін орнатқан.
«Бұл желдеткіш дәл сол нысанда орналасқан шайхананың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажет болған. Алайда тұрғындарға көршісінің мұндай әрекеті ұнаған жоқ. Олар Астана қаласының Орта сапасы және бақылау басқармасына шағымданып, одан қалды бір пәтер иесі сотқа жеке талап арыз берген.
Әділхан Сырлыбайұлы сотқа екі рет баруға мәжбүр болды: алдымен азаматтық іс бойынша жауапкер ретінде, содан кейін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша тәртіп бұзушы ретінде», - делінген мәліметте.
Нәтижесінде бір сотта оған шамамен 60 мың теңге айыппұл салынса, екіншісінде желдеткішті өз есебінен алып тастап, қасбетті қалпына келтіру міндеттелген.
«Сағындықов мұнымен келіспей, мемлекеттік органның шешіміне қарсы шағым түсірді, бірақ оның талап-арызы қанағаттандырылған жоқ. Ол сондай-ақ желдету шахтасын бұзуды міндеттеген азаматтық соттың шешіміне де шағымданды, алайда ол жақта да жеңіліп қалды. 3 маусымда Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші инстанцияның шешімін күшінде қалдырды», - деп қосты дереккөз.