ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Базарда сауда істеп жүрген Жазира Жаппарқұлға қысым көрсетіп жатыр

03.07.2025, 16:03

Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы арқылы 20 миллионнан аса қарызданып қалған

Базарда сауда істеп жүрген Жазира Жаппарқұлға қысым көрсетіп жатыр
Видеодан кадр

Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлемдік додаларда Қазақстанның атын асқақтатқан ауыр атлет Жазира Жаппарқұлға қысым жасалып жатыр. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейітқазы Facebook парақшасында мәлімдеді.

Бұған дейін Жазира Жаппарқұл Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында спорттағы мансабын аяқтаған соң, елге қызмет етуді мақсат тұтқанын, бірақ жетекшілік лауазымдарға орналасу жолында түрлі тосқауылдарға тап болатынын ашық айтқан еді.

«Таңертең Жазира хабарласты. Маған сұхбат берген соң, Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп жатыр. Олар спортшының базарда сауда жасайтынына шүйлігіп отыр. Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы арқылы 20 млн аса қарызданып қалған. Спорт мектебінде алатын 350 мың теңгесі жетпеген соң, қарыздан құтылу үшін базарда тойбастар, бесік құралдарын сатады қосымша. Енді Шымкент қалалық спорт басқармасы базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат деп, қиғылық салып жатыр», - деп жазды журналист.

Айтуынша, қазір Жазира Жапарқұл денсаулық жағдайына байланысты демалыс алған.

«Егер жағдайы бес боп тұрса, Жазира базар аралап жүрмейді ғой. Артспортқа алған спорттық құрылғылардың біразын арзан бағаға, біразын тегін беріп жіберіпті. Әлі біраз кілем, татамилері шаң басып, қорада тұр. Мемлекеттің бағдарламасынан опық жеген спортшыға осылай бас салу дұрыс па? Қазір бапкерлерде айлық аз, бәрі қосымша жұмыс істейді. Такси жүргізеді, 3-4 залда еңбек етеді. Жазира Жаппарқұл да қарызын жабу үшін тентіреп жүр. Олимпиададан жүлде алған қыздарымыз көп пе еді? Толып жатқан чемпионымыз бар ма? Осы бір қарапайым қазақ қызына неге шүйлігіп қалдыңдар, шымкенттіктер? Спорт министрі де қаршадай қазақ қызының мәселесін шешіп берсе болар еді…», - деп жазды Ақырыс Сейітқазы.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам