ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Ішкілікті қойған Алмас Өтешов қалай өзгергенін көрсетті

04.07.2025, 15:13

Оның айтуынша, бәрі Құран атымен ішімдіктен бас тартуға уәде беруінен басталған

Ішкілікті қойған Алмас Өтешов қалай өзгергенін көрсетті
instagram.com/almas_uteshov

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жүлдегері, қазақстандық спортшы Алмас Өтешов әлеуметтік желіде өзінің өмір жолындағы үлкен өзгеріс жайлы жазба жариялады. Ол көпшілікпен ішімдікпен қоштасқаны және рухани тұрғыдан жаңаруы туралы ашық бөлісті.

«Бұл суретті салмас бұрын біраз ойландым. Жариялаудың қажеті бар ма, жоқ па деген ойлар көп мазалады. Бірақ өзіме пайдасы болмаса да, қазақтың өзге жастарына ой саларлықтай дүние болсын деп желіге жүктедім», – деп жазды спортшы.

Өтешов қиын сәттерде ішкілікке салынудың жол емес екенін айта келіп, өміріндегі үлкен бетбұрыстың қалай басталғанын баяндады. Оның айтуынша, бәрі Құран атымен ішімдіктен бас тартуға уәде беруінен басталған.

«Нұрсейіт Жылқышыбай бауырымның «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатымда осы күннен бастап ащы суға жоламаймын деп халық алдында қасиетті Құранның атымен ант еттім», – дейді Алмас.

Ол өзінің бұл жолдағы күресінде Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөздерін үлгі еткенін атап өтті. Өтешов қиындықты жеңуге көмектескен ақыл мен қайраттың үстемдігі екенін мойындайды.

Спортшы ең алдымен Аллаға шүкір айтып, рухани және материалдық қолдау көрсеткен адамдарға алғыс білдірді. Атап айтқанда, ол Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевқа, сондай-ақ Дәулет Тұрлыханов, Садық Мұстафаев, Илья Ильин сынды танымал тұлғалар мен достарына алғысын жеткізді.

«Алты айдың ішінде адам танымастай өзгердім. Бұл – менің екінші тынысым, жаңа өмірімнің бастауы», – дейді Алмас Өтешов.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 21
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам