
Қырғызстан тарапымен ешқандай байланыс әзірге орнатылмады.
2026 жылы Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақтың ұлттық спорты көкпар алынып тасталды. Бұл ел арасында әр түрлі пікір тудырып жатыр. Бұған Қазақстан көкпар федерациясының көзқарасы қандай екенін білген едік.
Федерация тарапынан атқарушы директор Ғани Дуйшенов жауап берді. Ол бұл шешіммен келіспейтінін және де әділдік жоқ екенін айтты.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Халықаралық этноспорт конфедерациясының қатысуымен өтетіндігі белгілі. Алайда федерация өкілінің ақпаратына сәйкес аталмыш конфедерация бұл шешімнен хабарсыз болып шыққан.
– Жуырда Қырғызстан Көшпенділер ойындарының бағдарламасынан көкпарды алып тастағанын естідік. Қазақстан көкпар федерациясы бұл жаңалықты қалай қабылдады?
– Ресми түрде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен көкпар федерациясы ешқандай регламент пен ресми хат алған жоқ. Әрине бұл шешіммен келіспейміз. Себебі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Халықаралық этноспорт конфедерациясының қатысуымен өтеді. Оларда бұл шешім жайлы хабарсыз.
– Бұл қаншалықты әділ шешім болды деп ойлайсыз?Осыдан кейін Қырғызстан тарапымен байланысқа шықтыңыздар ма?
– Әрине әділетсіз. Қырғызстан тарапымен ешқандай байланыс әзірге орнатылмады. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдымен спорт саласына жауапты мемлекеттік орган ретінде, министрлік жүргізеді.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов 2026 жылы додада тек көкбөрі турнирі ғана өтетін айтқан. Сондай-ақ қазақтың көкпары жарыс бағдарламасына енбейтінін хабарлаған еді.