
Ольга Рыпакова Сауд Арабиясының жасөспірімдер құрамасымен кездесті
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спортшылар комиссиясының төрағасы, Азия Олимпиадалық кеңесі Атқарушы комитетінің мүшесі, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Сауд Арабиясының жасөспірімдер құрамасымен кездесті.
Шара Сауд Арабиясы мен Қазақстан құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиындары аясында өтті. Жиындар Астана мен Алматыда күрес, дзюдо, таеквондо және жеңіл атлетика спорт түрлерінен ұйымдастырылуда. Оған Сауд Арабиясынан 150-ден астам жасөспірім спортшы қатысып жатыр.
Кездесу барысында Ольга Рыпакова өзінің спорттық жолы туралы айтып, табандылық пен мақсатқа ұмтылу маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол әсіресе әйелдер спортын дамыту мәселесіне назар аударды. Сауд Арабиясы бұл жолы жеңіл атлетикадан кеңейтілген әйелдер құрамасын алып келген. Бұл елдегі әйелдер жеңіл атлетикасының біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді.
"Мұндай іс-шаралардың маңызы зор, себебі олар тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жас спортшыларды алға ұмтылуға жігерлендіреді. Жас атлеттермен кездескеніме өте қуаныштымын, әсіресе жеңіл атлетикаға қызығатын қыздардың көбейіп келе жатқаны ерекше қуантады", – деді Ольга Рыпакова.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин Сауд Арабиясы ҰОК вице-президенті, ханзада Әл-Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Әл-Саудпен кездескен болатын. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және Сауд Арабиясында өтетін кешенді жарыстарға Қазақстан құрамасының қатысуын талқылады.