ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Эфирде Ермаш, Олжас және Ганс!

Демеу Жадыраев жүлдеге жақындады

19.09.2025, 16:01

Венгриялық Роберт Фричпен белдеседі

Демеу Жадыраев жүлдеге жақындады
ҰОК

Загребте (Хорватия) 13–21 қыркүйек аралығында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық балуан, грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев жұбаныш белдесуін сәтті өткізіп, қола жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.

77 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жадыраев украиналық спортшы, 26 жастағы Игорь Бычковпен кездесті. Тартысты өткен айқаста жерлесіміз 3:1 есебімен жеңіске жетіп, енді қола медаль үшін күреске жолдама алды.

Қола жүлде үшін болатын шешуші белдесуде Жадыраев венгриялық Роберт Фричпен кездеседі. Айта кетейік, қазақ балуаны бұл спортшымен жуырда, 9 тамыз күні Германияның Дортмунд қаласында өткен «Гран-при» финалында кездесіп, 7:2 есебімен айқын басымдықпен жеңген болатын.

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Жадыраев алғашқы айналымдарда финн Джонни Куннари Саркиненді (5:2) және серб Алексa Иличті (8:6) тізе бүктірді. Алайда ширек финалда жапон балуаны, Олимпиада чемпионы Нао Кусакаға 2:4 есебімен жол беріп, жартылай финалға өте алмады. Бұл – Токио аренасындағы Олимпиада финалынан кейінгі екінші рет жеңілгені.

Енді Жадыраев үшін басты сын – қола жүлдеге белдесуі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×