ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Нью-Йорк марафонында 80 жастағы қазақ ақсақалы топ жарды

05.11.2025, 20:23

Биылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысқан

Нью-Йорк марафонында 80 жастағы қазақ ақсақалы топ жарды
Астана әкімдігі

Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанған Салтанат Түйтебаев елге оралды. 80 жасында аталған қашықтықты бағындырып, жүгіріп өткен ақсақалды елордалықтар әуежайдан қарсы алғаны мәлім болды.

Әлемде ең беделді марафондар Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио қалаларында өтеді. Бұл бәсекеге қатысу үшін арнайы уақыт нормативін орындау міндеттеледі.

«Амстердамдағы трассада белгілі бір уақыт көрсеткішін тіркеп, Нью-Йорк марафонына қатысуға өтініш жібергенмін. Биыл 200 мың үміткер арасынан шақырту алдым. Өз мансабымда екінші мәрте Нью-Йорк марафонында жүгіру бақыты бұйырды», – деді Салтанат Түйтебаев.

80 жастағы қарт марафоншы 2021 жылы да Нью-Йорк марафонына қатысып, 75-79 жас санатында күміс жүлде алған болатын. Осылайша ол араға 4 жыл салып, ол 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өткен.  Осы нәтиженің арқасында атамыз 80-89 жас санатында жеңімпаз атанды.

«2021 жылы әлемде пандемия болғанықтан, Нью-Йорк марафонына 30 мыңдай адамға қатысуға рұқсат беріліп еді. Осы жолы 55 мың адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен, рекордсмендермен бірге жүгіру – үлкен мәртебе. Трасса өте ауыр болса да, жол бойы 2 млн-нан астам жанкүйер қызу қолдады», – деп Салтанат Түйтебаев атамыз биылғы жарыстың ерекшелігін атап өтті.

Айта кететін жайт, биылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысқан.

New York Marathon сынында ең егде қатысушы болып Жапониядан барған Коичи Китабатаке танылды. 91 жастағы қатысушы марафон қашықтығын 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсерген.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам