Әзербайжан спортшылары жалпы саны 56 жүлде жеңіп алған
Әзербайжанның Олимпиада ойындарында иеленген жүлделерінің жартысына жуығы шетелден келген спортшыларға тиесілі. Бұл туралы елдің azerisport.com басылымы хабарлады.
Егемен ел ретінде төртжылдықтың басты додасына қатыса бастағалы бері Әзербайжан спортшылары жалпы саны 56 жүлде жеңіп алған. Оның 27-сі – шетелден келіп, ел құрамасы атынан өнер көрсеткен легионер атлеттердің үлесі. Айта кетерлігі, 2008 жылға дейін Әзербайжан құрамасында бірде-бір легионер Олимпиада жүлдесін алмаған.
Бұл үрдіс алғаш рет Бейжің Олимпиадасында (2008) тіркелді. Сол кезде ел атынан сынға түскен екі легионер жүлдегер атанған. Ал Лондондағы ойындарда (2012) Әзербайжан қоржынына түскен 9 медальдің 5-еуін легионерлер жеңіп алды. Рио Олимпиадасында (2016) бұл көрсеткіш екі есеге артты: 18 жүлденің 11-і – «келімсек» спортшылардың еншісінде. Токио Олимпиадасында (2020) 7 медальдің бесеуін де легионерлер Әзербайжанға алып берген. Дәл осындай нәтиже Париж Олимпиадасында (2024) да қайталанды.
Айта кетерлігі, Париждегі жарыста дзюдодан 73 келі салмақта чемпион атанған әзербайжандық Хидаят Гейдаров – Қарағанды қаласының тумасы.
Легионерлер арасынан ерекше көзге түскен екі спортшыны бөле-жара атауға болады. Украинадан келген Марина Стадник әйелдер күресінен бес Олимпиадаға қатысып, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Осетиядан шыққан Хетаг Газюмов еркін күрестен үш Олимпиадада 1 күміс және 2 қола медаль иеленген.
Сонымен қатар, Әзербайжанда туып, кейін басқа елдің намысын қорғап табысқа жеткен спортшылар да бар. Солардың бірі – ауыр атлет Нижат Рахимов, ол Рио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы атынан сынға түсіп, чемпион атанған болатын.