48 келіде күресетін отандық татами шебері 4596 ұпаймен үздіктер қатарында бірінші болып жайғасқан
Дзюдодан әлемдік рейтигте қазақстандық Абиба Әбужақынова өз салмағында кезекті рет көш бастады. 48 келіде күресетін отандық татами шебері 4596 ұпаймен үздіктер қатарында бірінші болып жайғасқан.
Биыл өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген отандасымыз жыл соңына таман өтетін Абу-Даби және Токио Гранд Слэм турнирлерінде күресуі мүмкін.
Бұл салмақта белдесетін құраманың тағы бір үздігі Ғалия Тынбаева 25-ші сатыда тұр. 63 келіде Париж Олимпиадасына қатысқан Есмигүл Куюлова 908 ұпаймен 49-шы орында келеді. Сондай-ақ, әйелдер арасында аса ауыр салмақта күресетін Назгүл Маратова әлем бойынша 45-ші қатардан орын алғаны мәлім болды.
Ерлер арасында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 16-шы, Ғұсман Қырғызбаев 14-ші, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар 13-ші, -100 келіде Шархан Нұрлыхан 30-шы сатыда тұр. +100 келіде Ерасыл Қажыбаев 21-ші қатардан орын алған.
Айта кететін жайт, биыл Будапеште өткен әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы жүлдесіз қалған болатын. Аталған сында Париж Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев күрескенімен, жарысты 7-ші орынмен аяқтады.