Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар 2,79 млн доллардан алады
Теннис қауымдастығы Аустралияда өтетін биылғы Australian Open турнирінің жүлде қоры рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдеді.
Жыл басындағы алғашқы «Үлкен дулыға» турниріне қатысатын теннисшілерге жүлде қоры үшін 74,89 млн АҚШ доллары бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп болып отыр.
Tennis Australia ұйымының бас директоры Крейг Тайлидің айтуынша, жүлде қорының артуы теннисті барлық деңгейде дамытуды көздейді. Әсіресе іріктеу кезеңдеріндегі сыйақыларға ерекше көңіл бөлінген. 2023 жылдан бері квалификациядағы жүлде мөлшері 55 пайызға өскені байқалып отыр.
«Бұл инвестициялар теннистің берік негізін қалыптастырып, оның ұзақ мерзімді дамуы мен коммерциялық өсуіне ықпал етеді. Барлық деңгейдегі ойыншыларды қолдау арқылы біз жаңа таланттардың қалыптасуына және жанкүйерлер үшін қызықты бәсекенің артуына жағдай жасаймыз», - деді Крейг Тайли.
Ең жоғары төлем жекелей сында чемпион болған ойыншыларға тиесілі. Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар 2,79 млн доллардан алады. Финалистерге 1,44 млн доллар, жартылай финалға шыққандарға 840 мың доллар, ал ширек финалистерге - 504 мың доллардан төленбек.
Іріктеу кезеңіндегі жүлделер де 16 пайызға ұлғайған. Үшінші айналымға шыққандар 56 мың доллар, екінші айналымға 38,3 мың доллар, бірінші айналымға 27,2 мың доллардан алады.
Australian Open турнирінің іріктеу бәсекелері 12 қаңтарда басталады. Ал негізгі турнир 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Мельбурн қаласында өтеді. Өткен маусымдағы турнирде италиялық Янник Синнер мен америкалық Мэдисон Киз жеңімпаз болған еді.