Отандық теннисші екі сетте жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA №5) Australian Open-2026 турнирінің төртінші кезеңіне жолдама алды.
Мельбурндегі жарыстың 1/16 финалында Рыбакина чехиялық Тереза Валентовадан (№54) басым түсіп, кездесуді 6:2, 6:3 есебімен аяқтады.
Матч 1 сағат 23 минутқа созылды. Кездесу барысында Рыбакина төрт эйс жасап, бір ғана қос қателікке жол берді. Ал 18 жастағы Валентова төрт эйсті сәтті орындағанымен, сегіз қос қателік жіберді.
Айта кетейік, Тереза Валентова - өз қатарластары арасында ең дарынды теннисшілердің бірі. Ол жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингтің топ-4 қатарына енген, сондай-ақ 2024 жылы Ролан Гарроста жекелей және жұптық сында жеңіске жеткен.
26 жастағы Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесі - 2023 жылғы финал. Ал өткен маусымда қазақстандық теннисші төртінші айналымға дейін жеткен болатын. Осылайша Рыбакина биыл да былтырғы көрсеткішін қайталап отыр.