Отандасымыз Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты
17 жастағы қазақстандық теннисші Занғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жартылай финалына шығып, ел теннисі тарихында тағы бір маңызды белесті еңсерді. Жас спортшы inform.kz-ке берген сұхбатында тенниске қалай келгенін айтты.
Жас спортшының айтуынша, «Үлкен дулыға» турнирлерінде әр ойын - үлкен жауапкершілік.
«Australian Open мен үшін айрықша маңызға ие болды. Жартылай финал - тек жеке жетістік емес, қазақстандық теннис үшін де маңызды нәтиже. Бұл турнир мені шыңдай түсті», - дейді Занғар.
Ширек финалда ол ауыр жарақатқа қарамастан, матчты соңына дейін жеткізіп, жеңіске жетті.
«Әрине, жарақаттың әсері болды. Жартылай финал — спортшы үшін физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да үлкен сынақ. Алайда жеңілісті тек сонымен байланыстырмаймын. Қарсыласым да өте жоғары деңгейде ойнады. Мұндай матчтар мол тәжірибе береді, ал тәжірибе болашақ жеңістерге жол ашады»
Қазіргі таңда Занғар Братислава қаласындағы теннис академиясында жаттығып жүр.
Қазақстанда бокс, күрес, дзюдо секілді спорт түрлері кең тарағаны белгілі. Алайда менің теннисті таңдауыма ең алдымен отбасымның, әсіресе әкемнің қолдауы себеп болды. Алғаш рет кортқа шыққан сәттен бастап бұл спорттың тактикасы, тәртібі және ойыншының жеке жауапкершілігі маған жақын екенін сезіндім. Сондай-ақ алғашқы бапкерім тенниске деген шынайы қызығушылығымды оятты.
Қазіргі уақытта шеберлігімді Словакия астанасы Братислава қаласындағы Доминика Цибулкова академиясында жетілдіріп жүрмін. Жеке бапкерім — словак маманы Александр Сомодьи. Мен қарапайым қазақ отбасынан шықтым, жасыма — 17-де. Қазақы дәстүрді құрметтейтін ортада өстім. Дәстүр — өміріміздің ажырамас бөлігі, алайда мен үшін ең маңыздысы — елімнің намысын адал қорғау, – дейді теннисші.
Айта кетейік, бұған дейін Занғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы US Open турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанған. Сондай-ақ ол жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына енді.