49 минутқа созылған матч Медведевтің мансабындағы ең сәтсіз ойындардың бірі болды
Ресейлік теннисші Даниил Медведев Монте-Карлода өткен «Мастерс» турнирінде ракеткасын сындырғаны үшін 6 мың еуро айыппұл төледі.
Ол турнирдің екінші айналымында италиялық Маттео Берреттиниге қарсы ойында 0:6, 0:6 есебімен ойсырай жеңілді. Кездесу барысында Медведев бірнеше рет ракеткасын кортқа бар күшімен ұрып, ақыры оны жарамсыз күйге түсірген. Кейін бүлінген ракетканы қоқыс жәшігіне лақтырған.
Аталған жағдай екінші сетте, есеп 0:6, 0:2 болған сәтте тіркелді. Осы әрекеті үшін Теннисшілер қауымдастығы (ATP) оны «спорттық емес мінез-құлық» бабы бойынша айыппұлға тартты.
49 минутқа созылған матч Медведевтің мансабындағы ең сәтсіз ойындардың бірі болды — ол алғаш рет бірде-бір гейм ұта алмады. Бұған дейін ресейлік теннисші әр кездесуде кемінде үш гейм жеңіп жүрген еді.
Айыппұл мен жеңіліске қарамастан, Медведев турнирдің екінші айналымына шыққаны үшін 45,5 мың еуро көлемінде жүлдеақы алды.
30 жастағы спортшы үшін бұл алғашқы айыппұл емес. 2025 жылы ол осындай әрекеттері үшін Australian Open турнирінде 76 мың доллар, ал US Open-де 42,5 мың доллар айыппұл төлеген болатын.
Қазіргі таңда Даниил Медведев әлемдік рейтингте 10-орында тұр. Оның қоржынында ATP турнирлеріндегі 23 жеңіс бар. 2022 жылы ол 16 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы атанған.