Әлемнің үздік спортшыларына арналған беделді Laureus World Sports Awards өтті
Мадридте (Испания) әлемнің үздік спортшыларына арналған беделді Laureus World Sports Awards марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық спортшылардың өткен жылғы жетістіктері негізінде табысталады.
Ерлер арасында жылдың үздік спортшысы атағы испаниялық теннисші Карлос Алькарасқа бұйырды. Ол бұл бәсекеде Усман Дембеле, Янник Синнер, Арман Дюплантис және Тадей Погачар сынды танымал спортшыларды артта қалдырды. Өткен маусымда Алькарас сегіз титул жеңіп алып, оның екеуі «Үлкен дулыға» санатына жататын - «Ролан Гаррос» пен АҚШ ашық чемпионаты.
Әйелдер арасында жылдың үздік спортшысы деп әлемдік рейтингтің көшбасшысы Арина Соболенко танылды. Ол 2025 жылы АҚШ ашық чемпионатын, Майами мен Мадридтегі ірі жарыстарды, сондай-ақ Брисбен турнирін жеңіп алды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың үздік командасы аталымында Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы жеңіске жетті. Команда өткен маусымда Чемпиондар лигасын, Франция чемпионатын және ел кубогын ұтып алған.
Ал «Спорттағы шабыт» арнайы сыйлығы Германия құрамасы мен «Реал» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Тони Кроосқа табысталды.