ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Асыққымыз келмейді»: Рыбакина жарақатынан кейінгі жағдайын түсіндірді

Бүгін, 10:02

Теннисші US Open алдында әлі кортқа шықпағанын айтты

«Асыққымыз келмейді»: Рыбакина жарақатынан кейінгі жағдайын түсіндірді
Getty Images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионаты қарсаңында жарақатынан кейінгі жағдайы туралы айтып, әзірге корттағы жаттығуға кіріспегенін мәлімдеді.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Рыбакина өткен аптада Цинциннатиде өткен WTA 1000 турнирінде сол жақ тобығын жарақаттап алған. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші Нью-Йоркке келіп, US Open-ға қатысу үшін қалпына келуін жалғастырып жатыр.

«Өткен турнирде жарақат алдым. Қалпыма келу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Әзірге бәрі жақсы. Өкінішке қарай, әлі кортқа шыққан жоқпын. Алдағы бірнеше күнде жаттығуды бастауға тырысамыз. Қазір жағдайым қалыпты сияқты. Алғашқы матчыма дейін өзімді жақсы сезінемін деп үміттенемін», – деді Рыбакина.

Қазақстандық теннисшінің сөзінше, жарақаттан кейін қалпына келуге шамамен он күн уақыты болған. Енді оның дайындығы алғашқы кездесуінің қашан өтетініне де байланысты.

«Дайындалуға тағы бірнеше күн бар. Барлығы алғашқы матчымның қай күнге белгіленетініне байланысты. Біз асыққымыз келмейді. Кортқа жүз пайыз дайын екеніме көз жеткізгім келеді», – деді ол.

Рыбакина жарақатты Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швентекке қарсы кездесуде алған. Ауырсынуға байланысты ол бірінші сетте есеп 1:4 болып тұрған кезде матчты жалғастыра алмады. Кейін теннисші тіпті жүрудің өзі ауыр болғанын айтқан еді.

Жарақат Рыбакинаның US Open алдындағы жоспарына да әсер етті. Ол Тейлор Фритцпен бірге қатысуы тиіс аралас жұптар бәсекесінен бас тартты. Дегенмен қазақстандық теннисші жекелей сында өнер көрсетуге үмітті.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам