ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Германиядан Қазақстанға оралған 20 жастағы Соня Жиенбаева туралы не білеміз

Бүгін, 12:03

Жиенбаева Алматыда дүниеге келгенімен, өмірінің басым бөлігін Германияда өткізген

Германиядан Қазақстанға оралған 20 жастағы Соня Жиенбаева туралы не білеміз
instagram.com/sonja.zhiy

Қазақстан әйелдер теннисінде жаңа есім жарқырай бастады. 20 жастағы Соня Жиенбаева небәрі екі апта ішінде Испанияда екі турнирді қатарынан жеңіп, WTA рейтингінде 300-ден астам сатыға көтерілді. Бір ай бұрын әлемдік рейтингтің үздік 700 теннисшісінің қатарына кірмеген спортшы қазір 384-орында тұр және Қазақстанның үшінші ракеткасына айналды.

Жиенбаева Алматыда дүниеге келгенімен, өмірінің басым бөлігін Германияда өткізген. Ата-анасы оны кішкентай кезінде Еуропаға алып кеткен. Соня сол жерде өсіп, тенниспен кәсіби түрде айналыса бастады.

Алайда 2024 жылы ол маңызды шешім қабылдап, тарихи отанына оралып, халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетуді таңдады.

Германияда өсті, Қазақстанды таңдады

Соняның Қазақстан құрамасындағы алғашқы үлкен қадамы 2026 жылдың сәуірінде жасалды. Ол Астанада Канадаға қарсы өткен Билли Джин Кинг кубогында ұлттық құрама сапында дебют жасады.

Қазақстан сол кездесуде жеңіске жетіп, турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алды. Ал Жиенбаева ұлттық құрама жейдесін алғаш рет киіп, қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезінгенін ерекше атап өтті.

«Андреескудан жеңілгеннен кейін де жанкүйерлер маған өздерінің қолдауын сезіндірді. Сол сәтте Қазақстан атынан өнер көрсету туралы дұрыс шешім қабылдағанымды тағы бір рет түсіндім. Құрама сапында қайта ойнайтынымды мақтан тұтамын», – деді Жиенбаева Tengri Sport басылымына берген сұхбатында.

Теннисші туған еліне оралудың өзі үшін ерекше мәні барын да жасырмайды.

«Мен әрдайым отаныма, әсіресе туған қалам Алматыға және жақындарыма оралғаныма қуаныштымын», – деді ол.

Екі аптада екі титул

Жиенбаеваның аты соңғы апталарда әлемдік теннис қауымдастығына да жиі естіле бастады.

20 жастағы қазақстандық Испанияда өткен екі жарыста қатарынан чемпион атанды. Алдымен Оренседегі W75 турнирінде жеңіске жетсе, артынша Вигодағы W35 додасында да топ жарды.

Осы нәтижелер оның рейтингтегі жағдайын түбегейлі өзгертті. Жиенбаева екі апта ішінде 300-ден астам орынға көтеріліп, 384-сатыға жетті.

Нәтижесінде ол Жібек Құламбаева мен Аружан Сағандықованы басып озып, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцевадан кейін Қазақстанның үшінші ракеткасы атанды.

Әкесінің бір ауыз сөзі

Соня табысының артында үлкен командалық еңбек тұрғанын айтады. Оның ең үлкен жанкүйері – бұрын велоспортпен айналысқан әкесі.

«Әкем маған өзіме сенетін уақыт келгенін айтты. Сосын: “Ұш, қыраным, ұш”, – деді», – деп еске алды теннисші.

Жиенбаева Қазақстан теннис федерациясының қолдауын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл сенім кәсіби мансабындағы жаңа деңгейге көтерілуіне үлкен серпін берген.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам