Хабибулиндер Қазақстан атынан Азиадаға қатыспақ
Келісілген матчтарға қатысқаны үшін кәсіби теннистен өмір бойына шеттетілген Тимур Хабибулин мен Альбина Хабибулина Қазақстан атынан 2026 жылғы Азия ойындарына қатысуы мүмкін. Олар Азиадаға теннистен емес, паделден баратын ұлттық құраманың тізіміне енгізілген.
Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті жариялаған ресми мәліметке сәйкес, Тимур Хабибулин Евгений Даниловпен, ал Альбина Хабибулина Мария Синицынамен жұптасады.
Тимур Хабибулин 2023 жылы теннистегі келісілген матчтарға байланысты 21 ережебұзушылық бойынша кінәлі деп танылды. Олардың 2014–2019 жылдары жасалғаны анықталды. Халықаралық теннистің адалдығын қамтамасыз ету агенттігі қазақстандық спортшыны өмір бойына шеттетіп, 60 мың доллар айыппұл салды. ITIA шешіміне сәйкес, оған ресми теннис жарыстарына ойыншы немесе жаттықтырушы ретінде қатысуға тыйым салынған.
Альбина Хабибулина да 2021 жылы кәсіби теннистен өмір бойына шеттетілді. Сол кезде ол Өзбекстан атынан өнер көрсеткен. Спортшы матч нәтижесіне ықпал ету, өзге теннисшілерге келісілген ойынға қатысуды ұсыну, заңсыз әрекеттер туралы хабарламау және тергеумен ынтымақтаспау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 150 мың доллар айыппұл салынған.
Бұл жерде ескеретін маңызды жайт бар: Хабибулиндерге берілген жаза тенниске қатысты, ал олар Азия ойындарына бөлек спорт түрі саналатын паделден тіркелген. Теннис пен паделдің халықаралық басқарушы ұйымдары да бөлек. Сондықтан теннистегі өмір бойғы дисквалификацияның паделге автоматты түрде тарайтыны әзірге белгісіз.
Қазақстанның Ұлттық падел федерациясы мен Ұлттық олимпиадалық комитеті спортшыларды іріктеу кезінде олардың теннистегі жазасы қалай ескерілгені жөнінде түсініктеме берген жоқ.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Падел құрлықтық ойындардың бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр.