Соня Жиенбаева «33 333» санын орыс тілінде айтты
Қазақстан теннис федерациясына қатысты әлеуметтік желіде жаңа дау туындауы мүмкін. Бұл жолы мәселе халықаралық деңгейдегі жарыс кезінде қазақ тілінің қолданылуына байланысты өрбіді.
Даудың туындауына теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Соня Жиенбаева түскен видеоролик себеп болды. Бейнежазба «Билли Джин Кинг кап» турнирінің Instagram парақшасында жарияланған.
Роликте әр елдің теннисші қыздарына өз ана тілінде «33 333» санын мүдірмей айту тапсырмасы берілген. Англия, Чехия, Испания, Қытай, Украина және басқа елдердің спортшылары бұл тапсырманы өз тілдерінде орындаған.
Ал Қазақстан атынан видеороликке қатысқан Соня Жиенбаева «33 333» санын орыс тілінде айтты.
Осыдан кейін бейнежазбаның астында қазақстандық теннисшіні сынаған пікірлер көбейді. Пікір қалдырғандардың арасында шетелдік қолданушылар да бар. Олар спортшының Қазақстан атынан сөйлей тұра, қазақ тілін қолданбағанына назар аударған.
Соня Жиенбаева Алматыда дүниеге келген. Алайда бала кезінде ата-анасымен бірге Германияға қоныс аударған. 2025 жылдан бері теннисші Қазақстан ұлттық құрамасының атынан халықаралық жарыстарға қатысып келеді.
Әзірге Қазақстан теннис федерациясы аталған видеороликке қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.